Бүгін ақиық ақын,аудармашы,драматург Мұқағали Мақатаевтың туған күні.Ол 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде Қызыл отау меңгерушісі, Нарынқол аудандық "Советтік шекара" газетінің жауапты хатшысы, "Социалистік Қазақстан" газетінде, "Мәдениет және тұрмыс"," Жұлдыз" журналында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған. 1973-1974 жылдары Мәскеудегі әдебиет және  өнер институтында оқыған. Ақынның "Ақ қайың әні"," Аққулар ұйықтағанда", "Арман"," "Шолпан",  "Қашқын", "Моцарт"  т. б. поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар.Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен,  нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатқан ақын. Оның сырлы сезімге толы жырлары оқырманның жүрегінен орын алады.